CaspianLife, 20 наурыз. IV Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы 2025 жылдың Жұмысшы мамандықтар жылы болып жарияланғанын еске салып, жастар үшін мүмкіндіктерді кеңейту мен кәсіби бағдар беруді дамытудың маңыздылығын атап өтті.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (ЕХӘҚМ) баспасөз қызметінің мәліметінше, сарапшылардың болжамына сәйкес, алдағы алты жылда жұмысшы мамандықтарына сұраныс 400 мыңнан астам адамды құрайды.
Министрлік мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, Жұмысшы мамандықтар жылын өткізу бойынша кешенді іс-шаралар жоспарын іске асыруда. Оның аясында бос жұмыс орындары жәрмеңкелері өткізіліп, кәсіби стандарттар жетілдірілуде, жұмыс берушілермен өзара іс-қимыл күшейтілуде. Бұл шаралар еңбек нарығын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге және халықтың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.
«Алдағы алты жылда кадрларға жалпы сұраныс 1,6 млн адамды құрайды, оның ішінде кәсіби-техникалық білімі бар мамандарға 900 мыңға жуық, ал жұмысшы мамандықтарына 400 мыңнан астам сұраныс болады. Жұмысшы кадрларға ең көп сұраныс құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және денсаулық сақтау салаларында күтілуде», – деді ЕХӘҚМ Халықты жұмыспен қамту департаментінің директоры Азиз Ибрагимов.
Ең үлкен сұраныс келесі мамандықтарға болады:
— құрылыс саласында: сылақшылар – 9 758 адам, құрылыс бригадирлері – 9 477 адам, дәнекерлеушілер – 7 229 адам;
— ауыл шаруашылығында: фермерлер – 10 695 адам, тракторшылар – 7 141 адам, ірі қара мал өсірушілер – 4 940 адам;
— өңдеу өнеркәсібінде: дәнекерлеушілер – 3 342 адам, тігіншілер мен киім жөндеушілер – 2 606 адам, өнеркәсіптік жабдық слесарлары – 2 367 адам, сантехниктер мен құбыр монтаждаушылары – 2 051 адам;
— денсаулық сақтау саласында: орта медициналық персонал – 24 614 адам, жедел жәрдем жүргізушілері – 4 604 адам, фельдшерлер – 4 536 адам.
«Мансап компасы» платформасы негізінде 100 мыңға жуық жоғары сынып оқушысына кәсіби бағдар беру жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта бұл платформада кәсіби диагностика функциясын енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде, оны осы жылдың сәуір айында іске қосу жоспарланып отыр.
«Жастар практикасы» жобасы аясында кемінде 35 мың тәлімгер жас мамандарды дайындауға тартылады. 2025 жылдың 1 наурызына дейін жастар практикасына 3,2 мың адам жіберіліп, олардың 2 645-іне тәлімгерлер бекітілді.
Қазіргі уақытта Skills Enbek платформасы арқылы мектеп оқушылары мен техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) студенттерінің 9 827-і онлайн оқытумен қамтылды.
Жыл ішінде кемінде 500 мың мектеп оқушысы мен ТжКБ студенттері жұмыс іздеу және еңбекке орналасу дағдыларына оқытылады. Сондай-ақ, ТжКБ-нің 1 мың үздік түлегі еліміздің жетекші кәсіпорындарына жұмысқа орналастырылады.
Сонымен қатар, жұмыс беруші базасында жұмыссыздарды алты айдан аспайтын мерзімге кәсіби оқыту ұйымдастырылады.
Ақпан айынан бастап барлық өңірлерде жұмысшы мамандықтарға бағытталған бос орындар жәрмеңкелері өткізілуде. Мәселен, елордада мұндай жәрмеңке «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі аясында өтіп, бір аптаға созылды.
Қазіргі уақытта бос жұмыс орындары жәрмеңкелеріне 1 мыңнан астам жұмыс беруші қатысып, 9,6 мың жұмысшы мамандықтары бойынша бос орындар ұсынды.
«Биыл су шаруашылығы, машина жасау, химия өнеркәсібі, тау-кен металлургиясы, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік логистикасы, автомобиль жолдары және басқа да салалар бойынша 100 кәсіби стандарт әзірленіп, жаңартылады. Төрт тәуелсіз орталық базасында біліктілікті мойындау бағалауы басталды. Тағы бес орталық, оның ішінде екі халықаралық стандарттар бойынша жұмыс істейтін орталық ашу жоспарлануда», – деп хабарлады Азиз Ибрагимов.