CaspianLife, 15 қаңтар. «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы «eQonaq» жүйесіне тіркелген орналастыру орындарының мәліметтерін талдап, шетелдік туристер арасында Қазақстанның ең танымал аймақтарын анықтады.
Kazakh Tourism Telegram-арнасында жарияланған ақпаратқа сәйкес, өткен жылғы көшбасшы үштік 2023 жылмен салыстырғанда өзгеріссіз қалды. Сонымен қатар, шетелдік саяхатшылар санының едәуір өсуі Алматы облысында байқалды, ал Шымкент қаласы мен Ақтөбе облысында керісінше төмендеу тіркелді.
Талдау барысында «eQonaq» ақпараттық жүйесіне тіркелген 525 мыңнан астам қазақстандық субъектінің деректері қарастырылды.
Нәтижелер:
- Шетелдік туристер үшін ең танымал аймақ Алматы қаласы болып қала берді. 2024 жылы мегаполистегі орналастыру орындарында 534 340 шетелдік қонақ тоқтаған, бұл өткен жылмен салыстырғанда шамамен 70 мың адамға артық. Жақында CNN Travel Алматыны 2025 жылы саяхаттауға болатын 25 үздік бағыттың қатарына қосты.
- Екінші орында – елордамыз Астана. 2024 жылы «eQonaq» жүйесіне тіркелген Астана орналастыру орындары 269 320 шетелдік қонақты қабылдады.
- Алматы облысында шетелдік туристер саны 59%-ға өсіп, 134 763 адамды құрады. Бұл өсім өңірді ең көп баратын аймақтардың ішінде үшінші орынға шығарды.
- Төртінші және бесінші орындарды Атырау және Маңғыстау облыстары иеленді. Мұнайлы өңірлерге сәйкесінше 106 974 (2023 жылмен салыстырғанда 27%-ға көп) және 71 462 шетелдік қонақ келген.
Қосымша деректер:
- Қарағанды облысы шетелдік туристер үшін тартымдырақ болып, рейтингте үш сатыға көтеріліп, алтыншы орынға жайғасты (50 474 қонақ, 35%-ға өсу).
- Ақтөбе облысы бір саты төмендеп, жетінші орынға түсті (45 063 шетелдік қонақ).
- Сегізінші және тоғызыншы орындарды Ақмола (44 976) және Жамбыл облыстары (44 226) иеленді, екі өңірде де шетелдік туристер саны артқан.
- Шымкент қаласы ондықты аяқтады, бірақ үш сатыға төмендеп, 39 887 шетелдік қонақ қабылдады (2023 жылмен салыстырғанда 900 адамға аз).
2024 жылы «eQonaq» жүйесіне тіркелген орналастыру орындарында 1,5 миллионнан астам шетелдік турист тоқтағаны хабарланды.