CaspianLife, 31 желтоқсан. Жаңа жылдық мерекелер қарсаңында полиция мен Ұлттық ұлан әскери қызметшілері күшейтілген жұмыс режиміне көшеді, деп хабарлайды ҚР ІІМ-нің ведомстволық сайты (Polisia.kz).
Ішкі істер министрі жеке құрамға қоғамдық тәртіпті сақтау және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берді. Кеңес барысында министр барлық өңірлерде гарнизондық қараулар өткізуге тапсырма берді.
— Қоғамдық тәртіпті қорғауды күшейтуді, мерекелік іс-шаралар өтетін орындарға жақын патрульдер ұйымдастыруды, орталық алаңдарды, адамдар көп жиналатын нысандарды және отшашу өтетін орындарды күзетке алуды тапсырамын. Жедел басқару орталығы тәулік бойы визуалды бақылау жасап, барлық оқиғаларға жедел әрекет етуі керек, — деді ІІМ басшысы.
Polisia.kz мәліметінше, Жаңа жыл түні ел бойынша қызметке шамамен 32 мың полиция қызметкері мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері шығады. Олардың 12 мыңы мерекелік іс-шаралар өтетін орындарда тікелей кезекшілік етеді.