CaspianLife, 26 желтоқсан. Сарыөзек каналындағы шабақ құтқару жұмысына 50 адам мен 12 техника жұмылдырылды.
25-желтоқсан күні Сарыөзек каналының Алмалы ауылының тұсында 9 мың данаға жуық балық шабағы құтқарылды. Ал бүгін таңертеңнен түске дейін құтқарылған шабақ саны 850 мыңға жетті. Бұл туралы облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Артур Сәдібекұлы айтты, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Қазіргі уақытта өзек аумағында еріктілер, «Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының, «Қазсушар» мекемесінің мамандары мен әскерилер шабақтарды құтқарумен айналысуда. Құтқарылған тұқы тұқымдас балықтардың шабақтары Жайық өзеніне жіберілуде. Мамандардың айтуынша, бұл балық қорының көбеюіне әсер етеді.
— Тасқыннан кейін Соколок, Сарыөзек каналдары суға толғаны белгілі. Судың деңгейі түскен кезде кішігірім көлшіктерде, арналарда балық шабақтары қалып қойды. Арнайы инспекцияның, «Қазсушар» мекемесінің мамандары, еріктілер мен жергілікті атқарушы орган өкілдері шабақ құтқару жұмысының басы қасында жүр. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады, — деді А.Сәдібекұлы.
Жалпы маусым айынан бастап облыс аумағындағы су айдындарынан 95 миллионға жуық шабақ құтқарылып, Жайыққа жіберілді.