Атырауда карантиндік шектеулер енгізілсе де, той-садақа ұйымдастырушылардың саны азаймай тұр. Қалалық полиция басқармасының хабарлауынша, соңғы 3 аптада осындай 60 жағдай анықталған.
Бірі жүз шақты адам жинап құдасын шақырса, екіншісі келін түсіріп керемет той жасаған. Ал 57 отбасы еске алу рәсімін өткізген. Аталған деректер бойынша тұрғындар жауапкершілікке тартылатын болды.
Ерлан БИҒАМБАЕВ, Атырау қалалық ПБ басшысының бірінші орынбасары:
– Карантиндік режимдерді бұзғаны үшін Атырау қаласында 600-дің үстінде құқықбұзушылық анықталып отыр. Қазір жинақталған құжаттардың барлығы Атырау қалалық СЭС мекемесіне жолданды. Бұл бағытта құқықбұзушылық жасаған азаматтардың барлығына 425-бапқа сәйкес, әкімшілік кодексте көрсетілген шара қолданылып жатыр.
Полицейлердің тексерісі барысында 70-тен астам азық-түлік дүкені, қорғаныш құралдарынсыз жұмыс істеген 40-тан аса дүңгіршек, 2 букмекер кеңсесі, 4 ойын клубы, моншалар, көлік жөндеу және көлік жуу орталықтары карантиндік ережелерге бағынбағаны анықталған.