Ақтауда салынып жатқан 670 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы тұралап қалды. Жұмыстың аяқсыз қалуына түрлі себеп бар дейді уәкілеті орган өкілдері. Көпқабатты кешен құрылысы екі жыл бұрын аяқталып, қолданысқа берілуі керек еді. Мәселенің анық-қанығын мердігердің өз аузынан естімек болғанда жауап ала алмадық…
Күзетші сөзді қысқа қайырып, есікті тарс жапты. Білуімізше, бұл жекеменшік аумақ емес. Сол себепті, түсірілімге кедергі келтіруге болмайтындығын түсіндіріп, ішке кірдік. Бірақ мердігер қандай да бір ақпарат беруге келіспеді. Тапсырыс беруші қалалық әкімдік көрінеді. Бұл жөнінде құрылыс бөлімінің басшысы айтып берді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынып жатырған көпқабатты үш тұрғын үйдегі 670 пәтердің жалпы аумағы 53 мың шаршы метр болады. Жоба құны 7 млрд. теңгеден асып жығылады екен. Олардың айтуынша, жыл соңына дейін 450-ге жуық пәтер иесіне кілт табысталады. Ал қалғаны келер жылдың наурызына дейін берілмек.
Эльдар МАШЫРЫҚОВ, Ақтау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
– Нормативті құрылыс мерзімі – 24 ай. Мердігер мекемелердегі жұмысшылардың проблемасымен біразға созылды. Бір ұшы қаржы мәселесіне де тірелді. Қазір бәрі жақсы. Мердігер мекемелер барынша тез аяқтауға жұмыстануда.
Мемлекеттік бағдарлама аясында бой көтеріп жатқан баспана – үш мердігердің мойнында. Ал пәтерлер әкімдік тізіміндегі, үй кезегіне тіркелген аз қамтылған отбасылар мен «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына тиесілі.
Марияш НҰРҒАЛИЕВА, банк директорының орынбасары:
– 670 пәтерге 3 600 салымшы дайын тұр. Осылардың арасынан іріктеп аламыз. Сондықтан салымшылар тамыздың 3-і мен 1-қыркүйек аралығында табыс көлемін дәлелдеп шығуы керек.
Егер құрылыс жұмыстары қайта тұралап қалмаса, баспанаға мұқтаж ақтаулықтар осы жылдың аяғында қоныс тойын тойлайды.