Медициналық көрсетіліміне байланысты жолдама алған науқас компьютерлік томографиядан тегін өте алады. Бұл туралы ақпарды Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз-қызметіне сілтеме жасап жергілікті коммуникациялар қызметі таратты.
Өкпе қабынуына шағымданушылар учаскелік дәрігердің қабылдауынан кейін, тұрғылықты мекен-жай бойынша тіркелген емханадан жолдама алу арқылы, КТ аппаратынан тегін тексеріле алады.
Қазіргі уақытта Атырау облысында 10 КТ аппараты бар. Оның жетеуі облыстық аурухана (2), облыстық №2 аурухана (1), кардиорталық орталық (1), онкология диспансері (1), облыстық балалар ауруханасы (1), Жылыой аудандық орталық ауруханасы (1) секілді мемлекеттік емдеу орындарында болса, 3 аппарат жеке клиникалар секторында орналасқан.
Денсаулық сақтау басқармасы КТ аппаратына балама ретінде рентген аппаратына түсуді ұсынып отыр. Яғни, өкпе қабынуына шағымданушылар өзі тіркелген емханадан рентген аппаратынан тексеруден өте алады. Рентген аппаратының қорытындысы арқылы, өкпенің жағдайы туралы толыққанды ақпарат алуға болады.
Сонымен бірге, ПТР тест сынамасын тапсырудың да өзіндік алгоритмі бар. Қазіргі уақытта Атырау облысы бойынша ПТР тест сегіз зертханада алынуда: Ұлттық сараптама орталығы (Атырау қаласы), Ұлттық сараптама орталығы (Теңіз қалашығы), «Олимп» зертханасы, «Проспект Медикал» (Атырау қаласы), «Проспект Медикал» (Теңіз қалашығы), Геолог емханасы, «Инвиво» зертханасы және «Health Care Atyrau» емханасы.