CaspianLife, 19 қараша. Махамбет ауданында орналасқан көпір қазір жартылай жабық. Жол ортасында жарық пайда болуына байланысты, жүк көліктерінің жүруіне тыйым салынған. Ал жеңіл көліктер жәй жылдамдықпен ғана өтеді.
Жақын күндері көпірдің техникалық жағдайы тексерілмек. Бұл алдағы уақытта жасалатын жұмыс көлемін анықтау үшін қажет. Жарық жолдың тура ортасында пайда болған. Мамандар «бұл — деформациялық жіктің желімі ашылып кеткеннен болуы мүмкін дейді. Аса қауіпті емес», -дейді. Егер жағдайдың бұдан да күрделі екендігі анықталса, көпірдің ұзаққа жабылуы ықтимал.
Бұл көпір арқылы тек Ресейден келетін жүк көліктері емес, Еуропаға және кері бағытта басқа елдерден келе жатқан ауыр машиналар да өтеді. Облыстың транзиттік әлеуетін арттырып отырған маңызды нысанның бірі. Құрылысы 2014 жылы басталып, 2019 жылы пайдалануға берілген еді. Ұзындығы — 860 метр, ені — 13 метр. Құрылысына кезінде 10 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсалған. Бас мердігер «Атырауинжстрой» болса, жұмысты жасаған «Энергомост» мекемесі.
(Сурет әлеуметтік желіден алынды)