CaspianLife, 25 тамыз — Атырауда 80-нен астам мұғалім жалған дипломмен жұмыс істеп келген, деп хабарлайды Caspian Life. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті превенция басқармасының басшысы Жәнібек Қаражанов мәлімдеді.
Оның айтуынша, өтірік дипломмен жұмысқа тұрған мұғалімдердің 51-і балабақшада, ал қалғаны орта мектептерде қызмет еткен. Одан бөлек, білім саласына талдау жүргізу кезінде түрлі кемшіліктер анықталыпты.
«Мәселен, мектептерде «өлі жандар» бар. Қызметкерлер мен оқушылар саны бірдей мектептер әртүрлі қаржыландырылған. Бір қызметкер бір мезгілде 4-5 мекемеде жұмыс істеген. Кейбір білім беру мекемелерінде басшылар өздеріне лауазымдық жалақысына үстемеақы аударып отырған», — дейді Жәнібек Қаражанов.