CaspianLife, 10 тамыз — Атырау облысындағы білім беру ұйымдарына қарасты спорттық алаңдар тексеріледі, — дейді білім беру басқармасындағылар. Бұған Астанадағы 10 жасар баланың өлімі себеп, деп хабарлайды CaspianLife.
Оқушының үстіне мектеп ауласындағы футбол қақпасы құлап, көз жұмған болатын. Осы жағдайдан кейін оқу-ағарту министрі елдегі мектептердің аумағындағы спорт алаңдары мен құрал-жабдықтар жіті тексерілетінін жеткізді. Қазір Атырау өңіріндегі мемлекеттік саналатын 201 білім беру ұйымының басшылары өздеріндегі бар-жоқты түгендеуге көшіпті.
«Бүгінгі күні мониторинг жасау жөнінде бұйрық шығарып, қазіргі уақытта сол бұйрықты жан-жаққа жіберіп жатырмыз. Біздерде тек мектептер ғана емес, мектептен тыс тұрған спортивный площадкалар бар. Енді осының барлығы бойынша да ақпарат алуды көздеп отырмыз. Енді болашақта алдағы уақытта бізде ұлттық білім беру деректерінің қоры деген бар. Деректер қорына бұл да материалдық база ретінде кіріп барлық ақпаратты сол жерден көріп отыруға болады» — деді Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Орынтай Биманова.
Мамандар мониторинг барысында талапқа сәйкес емес спорт алаңдарын байқасақ, мектептің бірінші басшысына тәртіптік жаза қолданылады дейді.