CaspianLife, 11 шілде — Енді облыс әкімінің грантына түлектер ғана емес, жоғары курс студенттері де ие бола алады, деп хабарлайды CaspianLife.
Бұған әкімдіктен оқу ақысына жеңілдік сұрайтын атыраулықтардың көбеюі себеп болып отыр. Аталмыш грантты алу үшін өтінішті мемлекеттік байқаудың шешімі шыққан кейін беруге болады. Грантқа биылғы түлектермен қатар, мектепті бұрын бітіргендер және колледжді тәмамдаған студенттер де ие бола алады. Қазіргі уақытта 268 атыраулық ЖОО-да жергілікті бюджет есебінен білім алып жүр. Облыс әкімінің гранты 2017 жылдан бастап беріліп келеді. 6 жыл ішінде педагогикалық, медициналық, ауыл шаруашылығы, теология мамандықтарына грант бөлінді. Маманның айтуынша, жергілікті бюджет есебінен білім алған студенттер оқуын аяқтағаннан кейін еңбек жолын Атырауда бастауы міндетті.
«Осы оқуына түскен балалар, студенттер оқуын тәмамдап, маман атанған кезде жергілікті жерге келіп, тиісті басқармаға, қай мекеме сұраныс берді, маман тапшы деп, сол мекеменің жолдамасына сәйкес жолданған жерге барып, еңбек өтілімі түрінде оқыған еңбегін қайтаруына тура келеді. Яғни, оқыған еңбегін қайтаруы керек. Бізде келісім шарт үш тарапта жасалады. Атырау облысы әкімдігі, студент және ЖОО арасында. Егер сол оқуға түскен сәтте студент 17-ге толмаған болса, ата-анасы заңды өкілі ретінде келісімшартқа қол қояды» — деді Атырау облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүйсекенова.
Мектеп бітіруші түлектер еліміздегі 4 ЖОО 4 мамандық бойынша оқуға түсуге өтініш бере алады. Сондай-ақ, өңірдегі кадр тапшылығын шешу мақсатында 1500 нысаналы грант бөлінген.
Фото: КТК