CaspianLife, 13 сәуір — Атырауда жол мәселесінің жыры бітер емес. Бұл жолы “Көктем” ықшам ауданының аумағындағы «Широкая» көшесінің тұрғындары жол салып беруді сұрады. Олардың айтуынша, жылдың төрт мезгілінде де бұл жермен жүру мүмкін емес. Осыған дейін ауылдық округтің әкімінен бастап, облыстық әкімдікке дейін барып, проблеманы шешіп беруді сұраған. Бірақ, нәтиже болар емес.
«Қыстың кезінде күн жылы болады. Қар қайта-қайта еріп кетіп, балшыққа батып, өздеріміз де жұмысқа бара алмай қорлықты қатты көреміз. Осы мәселені депутаттар мен министрлер көрсе халыққа көмектеседі деген сенімдеміз», — дейді “Көктем” ықшам ауданының тұрғыны Жайболсын Матаева.
Қазір осы көшеде 60-қа жуық отбасы тұрады. «Широкаяға» 2018 жылы асфальт төсемек болған. Алайда көшеде ірі компаниялардың біріне тиесілі жер асты құбыры жүріп жатқандықтан, жол басқа көшеге салыныпты.
«2007 жылдан бері қарай Казтрансойлдан қорлық көріп келе жатырмын. Жауын жауған күні олардың үлкен камаздары жүреді де көшенің бәрін бүлдіреді. Артынан тегістемейді де. Казтрансойлдың тұрбасының кесіренен жолды салмай кетті. Казтрансойл не жерді бізден сатып алсың кетейік, басқа жерге барып тұрайық, не болмаса жол салып берсің», — деп наразылығын білдірді ықшам ауданның тұрғыны Нұркен Бисенов.
Ауылдық округтің әкімі Шапхат Қалиев бұл мәселемен жақсы таныс. Өйткені, округқа қарасты осындай 15 бау-бақша қоғамы бар. Барлығының сұрайтыны бір нәрсе — тас жол төсеу. Ал «жолы бар бірлі-жарым көшені» демеушілер салып берді дейді округ басшысы.
«Алдағы уақытта бау-бақша қоғамдары тұрғын үй құрылысына ауыстырылатын болса, инфраструктуралар, соның ішінде жол салу жоспарға келеді. Үлкен жол құрылысын салып жатқан компанияларға айтып жатырмыз, егер мүмкіндік болып жатса тұрғындардың өтініштерін қанағаттандыру жөнінде жұмыстанамыз», — дейді Қайыршақты ауылдық округінің әкімі Шапхат Қалиев.
«Широкая» көшесінің тұрғындары да басқа бау-бақша қоғамында тұратындар сияқты асфальтты ұзақ күтетін сыңайлы. Өйткені, олардың барлығын бірдей қаланың бас жоспарына енгізу — күрделі процесс. Ал, Қазтрансойл өкілдері егер әкімдік Широкая көшесіне жол салатын болып жатса, екі тарап келісімге келіп, мәселені шешуге тырысамыз дейді. Бірақ екі жақтың келіссөз үстеліне қашан отырары белгісіз.