CaspianLife, 13 сәуір — Исатай, Құрманғазы және Махамбет аудандарында ауырған малдың саны 200-ден асып, оның 80-ге жуығы өліп қалған. Осылайша бір айдың ішінде бірнеше шаруа айтарлықтай шығынға ұшырады.
Қазір олар түлігінен түгелдей айырылып қаламыз ба деп қорқып отыр. Ал ветеринарлар төрт түліктің неден қырылып қалғанын әзірге айта алмайды. Олардың сөзіне сенсек, соңғы 3 күнде ауырып тұрған мал тіркелмеген және жүргізілген алғашқы сынамалардың нәтижесінде жылқылардан жұқпалы ауру анықталмаған.
«Күдік бойынша паразитарлық ауруларға сынамалар жолдадық. Оның ішінде Алматы қаласындағы Қазақ ғылыми институты және биологиялық қауіпсіздік мәселелер жөніндегі институттың мамандарымен, қосымша облыстық зертхана, ұлттық реферондтық орталық мамандары сынамалар алып кетті. Нәтижесін күтіп отырмыз», — дейді Атырау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Азамат Айтқалиев.