CaspianLife, 25 наурыз — Маңғыстауда 13 мыңнан астам көлік жүргізушісі салық төлеуден жалтарып жүр. Бұл туралы Ақтау қалалық мемлекеттік кірістер басқармасы мәлім етті.
Олардың берешегі 550 млн теңгеден асып кеткен. Қарыз 2018 жылдан бері төленбеген, дейді қалалық кірістер басқармасының мамандары. Берешекті 1 сәуірге дейін жабуға кеңес береді. Себебі бұл қос тарапқа да тиімді. Былтыр 9 көлік айыптұраққа қойылып, 5 млн теңгеден астам айыппұл өндірілген. Қазіргі таңда мамандар жүргізушілерге хабарлама жіберіп жатыр. Ескертуді елемей жүргендер қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.
«1 сәуірден кейін жеке тұлғаларда өсімпұл жүріп бастайды. Оны төлемесе, хабарлама жібереміз. Жүргізуші хабарламаға да назар аудармаса, 30 күннің ішінде жеке сот орындаушыларға жіберіледі. Кейбір жүргізушілердің атында үй, көлік, тіпті банкте шоты болмағандықтан мәжбүрлеп өндіруде қиындық туындайды. 2021 жылы 62 мыңнан астам көлік жүргізушісі салық төлемегендердің қатарына енгізілді. Олардың қарызы 1 млрд 700 млн теңге», — деді қалалық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Азамат Сағидоллаев.