CaspianLife, 20 ақпан — Ақтау қаласының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Facebook-парақшасында пластик қызғалдақтарды алмастыратын жаңа қондырғылар эскизін бөлісті.
Бұған дейін «Гүл алқабы» инсталляциясы қаңтардағы митингілер кезінде бүлінгені хабарланған болатын. Ақтау әкімінің айтуынша, қымбат электроника зардап шеккен.
«Бұл жолы қала атауын гүлдер композициясы орнына қоюды жөн көрдік. Екі нұсқа дайындалды. Қалай ойлайсыздар, қайсы жақсы?» — деп сұрады Ақтау әкімі қала тұрғындарынан.
Жобалар өзгеруі мүмкін екені ескертілді.
Еске салайық, Ақтаудағы Ынтымақ алаңындағы көгалдың орнына бюджеттен 15 404 000 теңгеге пластикалық «гүл алқабы» жасалды. Әкімдікте безендіру, жарықтандыру бойынша жұмысты «Clover media group» ЖШС жүргізді, компаниямен Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі 16 қыркүйекте келісімге қол қойғаны хабарланды.
Фото: Нұрдәулет Қилыбай
Lada.kz