CaspianLife, 15 ақпан — Жаңаөзен қаласында жұмыссыз тұрғындарды еңбекпен қамту бойынша облыстық комиссия жұмыс істеп жатыр. Қазір шаһарда 3 мыңнан астам адам жұмыссыз ретінде тіркелген.
Үйде анам пенсионер. Сол пенсиямен күн көріп отырмыз. Маған мұнай саласынан жұмыс керек. Мен де ел қатарлы жұмыс істегім келеді, — дейді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Ерболат Бөлтеков.
Естеріңізге сала кетейік, жаңаөзендіктер биліктен жұмыс талап етіп, 10 күннен бері бейбіт шеруде тұр. Осыған байланысты облыс әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаевтың төрағалығымен комиссия құрылып, оның құрамына мемлекеттік органдар мен «ҚазМұнайГаз» және «Өзенмұнайгаз» компанияларының өкілдері кірді. Олар бастамашыл топ өкілдерімен кездесіп, халықты жұмыспен қамту мәселелерін талқылады. Нәтижесінде жұмыссыз азаматтарды 3 бағыт бойынша, қысқа, орта және ұзақ мерзімде жұмысқа орналастыруға шешім қабылданды.
Қысқа мерзімді жұмыс орындарын ашу бойынша 161 жұмыс орнына қосымша тағы да мекемелермен сөйлесе отырып, жұмыс орындарын көбейту жөнінде жұмыс жүреді. Орта мерзімді, ұзақ мерзімді жұмыстар бойынша жүйелі жұмыс жалғасын таба беретін болады. Комиссияның да өзінің ойы осы схеманың әділдігін қамтамасыз ете отырып, ары қарай орналасатын адамдарда осы схема арқылы жүргізуі, — дейді Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Абзал Меңдібаев.
Қазірдің өзінде «Өзенмұнайгаз» компаниясында — 100, оған сервистік қызмет көрсететін серіктестіктерде — 61 жаңа жұмыс орны құрылатын болды. Ал, жыл соңына дейін жұмысқа жарамды мүгедектер, пробация есебіндегі жұмыссыздар, аз қамтылған отбасы мүшелерінен 400-ден астам адамды жұмысқа орналастыру жоспарда бар.