CaspianLife, 10 қаңтар — Президенттің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі әлеуметтік желілерде жүрген ақпаратты жоққа шығарды.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі Ерлан Карин Алматыдан басқа Маңғыстау облысына ҰҚШҰ-ның әскерлері орналасты деген ақпаратты ресми түрде жоққа шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Осы өңірде (Маңғыстау облысында — ред) Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ОДКБ) әскері орналасқан деген қауесет шындыққа жанаспайды. Облыстағы төтенше жағдай режімін қамтамасыз етуге өз еліміздің қарулы күштерінің және Ұлттық ұланның бөлімшелері ғана жұмылдырылған», — деп жазды бүгін ол ресми парақшасына.
Карин сондай-ақ, екі бұрын ғана өңірден оралғанын, аймақтағы жағдай қазір тұрақталғанын хабарлап отыр.
«4-8 қаңтар аралығында Маңғыстау облысында болдым. Онда ахуалды тұрақтандыру жөніндегі өңірлік штабтың жұмысын үйлестіруге атсалыстым. Аймақтағы ахуал қазір тұрақты. Мемлекеттік мекемелер мен коммуналдық қызметтердің барлығы қалыпты режімде жұмыс істеп жатыр. Құқық қорғау органдары жағдайды толық бақылауда ұстап тұр», — дейді ол.
Айта кетейік, террористердің Алматы мен Қазақстанның бірнеше облысына жасаған шабуылдарын тоқтату үшін Президент Тоқаев ҰҚШҰ-дан көмек сұраған болатын. Мемлекет ұйым әскерлері шабуылға шықпайтынына, олар тек нысандарды күзетіп, сол арқылы Қазақстан әскерінің бір бөлігін шабуылға босатып беретініне сендіріп отыр.
Ал бүгін, 10 қаңтар күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен осы ұйымның кезектен тыс саммиті өтеді.