CaspianLife, 6 желтоқсан – Облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 1991 жылдан бері тұрғындардың табиғи өсімі де жақсарған.
«Еліміз тәуелсіздік алғаннан бергі 1991-2021 жылдар аралығында өңір тұрғындарының саны 432,9 мыңнан 657 110 мың адамға жетті. Ал, орташа өмір сүру ұзақтығы 65,9-дан 70,52 жасқа дейін ұлғайды. Сондай-ақ, 1000 адамға шаққандағы туу коэффициенті 26,80-ден 27,19-ға дейін өсті. Өлім-жітім коэффициенті 1000 адамға шаққанда 8,0-ден 7,17-ге дейін төмендеді. Тұрғындардың табиғи өсім коэффициенті 1000 адамға шаққанда 18,80-ден 20,02-ге дейін жетіп отыр», -деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.
Атырау облыстық перинаталдық орталығы директорының міндетін атқарушы Қазбек Ермағамбетовтің айтуынша, тәуелсіздіктің елең-алаңындағы экономикалық қиындық бала туу көрсеткішіне әсер еткен.
«Алайда, елімізде босандыру, ана мен бала күтімін жақсарту мақсатында мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру қолға алынды. Соның нәтижесінде облыста 1000 адамға шаққанда жыл сайын 28-29 мың сәби өмірге келеді. Мәселен, 1991 жылы 11 600 бала жарық дүние есігін ашты. Ал, 2020 жылы 17,7 мың нәресте туды. Бала туу коэффициентін ең жоғары көрсеткіштің бірі деуге болады», -дейді Қазбек Ермағамбетов.