CaspianLife,10 қараша – Шотландияның Глазго қаласында климаттың өзгеруімен ересектер ғана емес балалар да күресіп жатыр. Екі аптаға созылатын Біріккен Ұлттар Ұйымының 26-шы конференциясының Жастар форумына қазақстандық жастар да қатысып, олар «Ең үздік арт шара» аталымы бойынша үздік деп танылды.
Сурет авторлары қазақстандық жас балалар. Елде бұған дейін ұйымдастырылған «Менің жасыл ғаламшарым» және «Жануарлар менің досым» атты байқаулардың жеңімпазы атанған. Сандық форматтағы суреттер Глазго қаласында қағазға шығарылып, халықаралық форум көрермендеріне ұсынылды.
«Жұмыстардың негізгі тақырыбы — экология және қоршаған орта. Барлығы да жүрекке жылы тиеді. 8 бен 17 жас аралығындағы балалар ғаламдық проблемалар туралы хабардар екендігі ерекше әсерлендірді. Конференция соңында қорытынды шығарылып, мені 3000-нан астам делегаттардың арасынан «Ең креативті» деп таңдады», — дейді көрменің арт директоры, 17 жастағы София Гамазова (фотода)
София мектеп бітірген соң, экологияға қатысты мамандықтарды меңгеріп, Қазақстандағы қоршаған ортаны қорғау проблемаларымен айналысуды жоспарлап отыр.
Биыл Климаттың өзгеруімен күрес бойынша БҰҰ конференциясы жанындағы жастар форумы 16 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Оның басты ерекшелігі — өскелең ұрпақ өздерінің ресми пайым-пікірлерін БҰҰ өкілдеріне тікелей жеткізе алуында. Шара нәтижесінде жастар бағдарламалық құжат дайындап, әлем көшбасшыларының талқылауына жолдайды.