CaspianLife, 15 қыркүйек. Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов цифрлық теңгені қолдану аясын кеңейтуді тапсырды. Үкімет отырысында ол ұлттық валютаның жаңа цифрлық формасының төлем инфрақұрылымын жаңғыртудағы және қаржы жүйесінің тиімділігін арттырудағы маңызын атап өтті.
«Мемлекеттік шығыстардың тиімділігін арттыру цифрлық теңгені пайдаланудың маңызды нәтижесіне айналуы тиіс. Ол цифрлық қаржы сервистерін дамыту құралы бола алады. Цифрлық шарттар жасасу мүмкіндігі мемлекеттік сатып алулар мен корпоративтік операциялардағы есеп айырысу процестерін автоматтандыруға жол ашады. Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен және басқа да мүдделі тараптармен бірлесіп, цифрлық теңгені қолдану аясын кеңейту үшін қажетті шаралардың барлығын пысықтауы керек», – деді Үкімет басшысы.
Бектенов цифрлық теңгенің Ұлттық банк шығаратын орталықтандырылған цифрлық валюта екенін және оның заңды төлем құралы саналатынын атап өтті.
Қазақстан цифрлық активтер саласында да өз позициясын нығайтып келеді. Халықаралық зерттеулерге сәйкес, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан биткоин өндіруге қатысу үлесі бойынша әлемдегі жетекші он елдің қатарына енген.
Осыған байланысты Премьер-министр аталған салада отандық технологиялық компаниялар мен құзыреттерді дамытуға қажетті жағдай жасауды тапсырды.
Әселім ҚАЛКЕН, Астана

