CaspianLife, 16 қыркүйек. Қазақстан астанасы еуропалық футболдағы басты клубтық матчтардың бірін қабылдайды. УЕФА 2028 жылғы Суперкубок финалын өткізу орны ретінде Астананы таңдады. Бұл туралы Еуропалық футбол қауымдастығы хабарлады.
Матч «Астана Арена» стадионында өтеді. Мұндай шешімді УЕФА Атқарушы комитетінің мүшелері Грекияның Салоники қаласында өткен отырыста қабылдаған. Финалда қай командалардың кездесетіні және ойынның нақты қай күні өтетіні кейінірек белгілі болады.
Айта кетейік, УЕФА Суперкубогының иегері жыл сайын өткен маусымдағы Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының жеңімпаздары арасындағы бір матчта анықталады. Ал 2027 жылғы Суперкубок ойыны Амстердамдағы «Йохан Кройф Аренада» өтеді.
Сол отырыста УЕФА Атқарушы комитеті басқа да еурокубоктардың финалдарын өткізетін қалаларды анықтады.
2028 жылғы Чемпиондар лигасының финалы Мюнхенде, ал 2029 жылғы шешуші матч Барселонадағы «Камп Ноу» стадионында өтеді.
Еуропа лигасының финалдарын кезекпен Бухарест пен Белград қабылдайды. Ал Конференциялар лигасының шешуші матчын өткізу құқығы үшін Турин мен Будапешт таласады.

