CaspianLife, 25 қазан – Маңғыстау облысында мас жүргізуші газ құбырына соғылды. Оның көлігі толығымен жанып кетті. Жол апаты Мұнайлы ауданына кіретін Басқұдық ауылында болған.
Ресми мәліметке сүйенсек, УАЗ Patriot жүргізушісі мас күйінде рөлге отырған. Ал көшеде келе жатқанда газ құбырына соғылған.
Соққы салдарынан өрт шығып, көлік толығымен жанып кетті.
«Оқиға орнына төтенше жағдайлар мен газ қызметінің мамандары келіп, өртті өшірді», — дейді полицейлер.
Ал көлік жүргізушісі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабы, 3-тармағы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, өзге мүлікті бүлдіруге әкеп соққан әрекеттер) бойынша жауапқа тартылды.
Осы бапта 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 7 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған.