CaspianLife, 24 қыркүйек — Бүгінгі таңда Әзірбайжан, Аргентина, Армения, Иордания, Индонезия, Марокко, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Филиппинмен COVID-19 вакцинациясының төлқұжатын өзара тану туралы келіссөздер жүргізілуде.
22 қыркүйектегі жағдай бойынша Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі (ҚР СІМ) Грузия, Венгрия, Қырғызстан, Молдова, Моңғолия, Таиланд және Түркияның уәкілетті мемлекеттік органдарымен вакцинация паспорттарын өзара тану туралы ноталармен алмасты. Бұл туралы бүгін ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.
«Осылайша, коронавирустық инфекцияға қарсы вакцинациялаудың толық курсынан өткен Қазақстан мен жоғарыда аталған елдердің азаматтары covid-19 вакцинациясының паспорттары негізінде карантиндік шектеулерсіз (ПТР тестін тапсыру, өзін — өзі оқшаулау және т.б.) мемлекеттік шекарадан өте алады», — делінген хабарламада.
Сонымен бірге, Беларусь, Вьетнам, Египет және Оман сияқты елдер шетелдік мемлекеттердің вакцинация төлқұжатын біржақты мойындап, келушілерге кіруді жеңілдеткені көрсетілген. Аталған елдерге бару үшін Қазақстан азаматтары шекаралық өткізу пункттерінде COVID-19-ға қарсы вакцинациялауды растайтын құжатты ұсынса жеткілікті.