CaspianLife, 22 қыркүйек — Ақтауда «ҚазАзот» АҚ санитарлық аймағынан тыс ауада аммиактың 0,57 мг/м3 шекті рұқсат етілген концентрациясының (ШЖК) артқаны анықталды. Осыған байланысты кәсіпорын төрт миллион теңгеден астам айыппұл төлеуге тиіс.
Маңғыстау облысының Экология департаментінде ауадағы аммиак концентрация нормасы 0,2 мг/м3 болған кезде 0,77 мг/м3 құрағанын айтты. Сондай – ақ, жылыту пештерінен алынған сынамалар бойынша көмірқышқыл газының ШРК секундына 0,78358 граммнан асқандығы анықталды.
«ҚазАзот» АҚ қатысты «атмосфералық ауаны қорғау және су объектілерін ластану мен қоқыстанудан қорғау жөніндегі талаптарды бұзу» және «қоршаған ортаға жол берілетін антропогендік әсер нормативтерін бұзу» баптары бойынша хаттамалар жасалған. Айыппұлдың жалпы сомасы төрт миллион теңгеден асты.
15 тамызға қараған түні жергілікті тұрғындарды «ҚазАзот» тарапынан шығатын қатты шығарындылар үлкен күдік ұялатқан. Түнгі мониторинг барысында Маңғыстау облысының экология департаменті аммиак концентрациясы нормасынан асып кеткенін анықтап, кәсіпорынды жоспардан тыс тексеру туралы шешім қабылдапты.