CaspianLife, 27 тамыз — Атыраулық парадзюдошы Әнуар Сариев Токиода өтіп жатқан Паралимпиада-2020 ойындарында дзюдо спорты бойынша өнер көрсетіп күміс медаль жеңіп алды.
Әнуар барлық кезеңнен құламай өтіп, жартылай финалда Венесуэла спортшысы Маркос Бланкомен күресіп, иппон әдісімен таза жеңіске жетіп финалған жолдама алды. 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен атыраулық парадзюдошы ақтық сында әзірбайжандық Вугар Ширинлиден жеңіліп қалды. Десе де Қазақстан қоржынын тағы бір медальға толықтырды.
Айта кету керек, Әнуар Сариев 1992 жылы Атырау қаласында дүниеге келген. Көлік апатына түскеннен кейін көру қабілеті нашарлаған. Соған қарамастан ол спортқа келіп, өзін дамытуды қолға алды. Осылайша 2015 жылы Сеулде өткен әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болып, 2016 жылы Рио-де-Жанейрода өтетін Паралимпиада ойындарына лицензияның алғашқы иегері атанды.
Әнуардың дзюдоға деген қызығушылығының артуына, үлкен жүлделері иеленуіне оның жаттықтырушысы, халықаралық төреші Жандос Қияновтың еңбегі зор. Ол ҚР Ұлттық олимпиада комитеті ұйымдастырған «Алтын самғау — 2019» ұлттық спорт сыйлығының «Үздік паралимпиадалық жаттықтырушысы» деп танылды.