CaspianLife, 20 тамыз — Атырау облысында браконьерден жарты тоннаға жуық бекіре тұқымдас балық тәркіленді. Балықты заңсыз жолмен алып бара жатқан азамат Жанбай ауылының тұсында ұсталды.
120 дана немесе 500 келі қызыл балық тиелген Lexus LX470 маркалы көлік таңғы сағат 5 шамасында теңіз жағалауынан жолға шыға алмай, құмға батып қалған.
«Күдікті деп танылған азамат 1971 жылғы. Бұрын да осыған ұқсас баппен соттылығы болған, яғни, заңсыз балық аулау фактісі бойынша. Қазіргі таңда күдіктіге қатысты қылмыстық кодекстің 339-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сондай-ақ, оның жол талғамайтын көлігінен дорбаға оратылған балық аулайтын ау тәркіленді», — деді Атырау облыстық ПД баспасөз қызметі бөлімінің жетекшісі Мейірім Ердәулет.