CaspianLife, 05 тамыз — Еуропалық Одақ (ЕО) Маңғыстау және Түркістан облыстарындағы құрғақшылықтан зардап шеккен 6 мың қазақстандыққа гуманитарлық көмек ретінде 200 мың еуро немесе 100 миллион теңгеден астам қаражат бөледі, деп хабарлайды Қазақстандағы ЕО өкілдігінің баспасөз қызметі.
Ақша ауа-райының қолайсыздығынан табысын жоғалтқан адамдарға беріледі.
«Қаржыландыру Еуропалық одақтың Халықаралық Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдары федерациясының (IFRC) төтенше апаттарға көмек қорына (DREF) қосқан жалпы үлесінің бөлігі болып табылады», – деп атап өтті баспасөз қызметі.
Осы жазда Қазақстанның батыс және оңтүстік өңірлерінде аномальді ыстық байқалады, ол су айдындарының кебуіне және жердің қуаңшылығына әкеп соқты, бұл су мен мал азығының жетіспеу мәселесін тудырды. Нәтижесінде көптеген жануарлар өліп, 70 000-нан астам адам, негізінен малшылар, табыс көзісіз қалды. ЕО ақпараты бойынша, зардап шеккендердің 84% — дан астамы Маңғыстау облысында тұрады.
Азаматтық қорғау және гуманитарлық көмек жөніндегі Еуропалық операциялар дирекциясының қызметі аясында Еуропалық Одақ жыл сайын қақтығыстар мен апаттардан зардап шеккендерге көмектеседі. Сонымен қатар, ол DREF-ті қолдау үшін IFRC-мен 3 миллион еуро гуманитарлық жарна туралы келісім аясында ресми халықаралық қолдау алмайтын апаттарға қаражат бөледі.