CaspianLife, 22 шілде — Атырауда жалған куәлік берген ер адам ұсталды. Мұндай ақпаратты Атырау облысы бойынша полиция департаментінің (ПД) баспасөз қызметі ұсынды.
Хабарламада 17 шілдеде белгісіз ер адам полицияға қоңырау шалып, құрылысы аяқталмаған зауыттардың бірінде жарылғыш зат салынғаны туралы хабарлады. Полиция аталған аумақты қоршап, қызметтік иттер мен саперлермен бірге тексеру жүргізді. Алайда, көрсетілген жерде жарылғыш құрылғылар табылмапты.
«Полиция департаментінің экстремизмге қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру жұмыстары кезінде жалған шақыру берген 38 жастағы ер адамды анықтап, ұстады», — деп хабарлады полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Күдікті соңғы төрт жыл Атырауда жұмыс істеген Ақтау қаласының тұрғыны болып шыққан. Бұрын соттылығы да бар көрінеді. Ұсталған ер адам жалған қоңырау шалғанын мойындады. Мұндай әрекетпен ол оны жұмыстан шығарған бастығынан кек алғысы келген. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 273-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.
Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиевтің айтуынша, осы жылдың басынан бері өңірде терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлаудың екі жағдайы тіркелген. ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабында көзделген жағдайда террористік акт туралы көрінеу жалған мәліметтер таратқан адамға бес мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не түзеу жұмыстарына немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазасы беріледі.