CaspianLife, 21 шілде — Шахматтан Қазақстан құрамасының көшбасшысы, халықаралық гроссмейстер Ринат Джумабаев Сочиде өтіп жатқан ФИДЕ 2021 Әлем Кубогында әлемнің вице-чемпионы, АҚШ гроссмейстері Фабиано Каруанды жеңді.
«Бүгінгі турдағы жеңіс біздің құраманың көшбасшысына оңай болған жоқ, себебі ол қара түсте ойнады. Алайда, табанды күрес барысында фигуралардың стандартты емес қатынасы бар позиция пайда болды және Ринат қарсыласын жеңе алды. Кешегі турда қазақстандық гроссмейстер тең ойнады. Осылайша, 1.5:0.5 есебімен Ринат ФИДЕ әлем Кубогының келесі кезеңіне өтіп, осы турнирдің басты фавориттерінің бірін артта қалдырды», – деп түсіндірді Қазақстан шахмат Федерациясында.
2018 жылы Каруана үміткерлер турнирінің жеңімпазы атанып, қазіргі чемпион Магнус Карлсенмен әлем чемпионы атағы үшін ойнаған.
Джумабаевтың келесі қарсыласы АҚШ-тан келген гроссмейстер Сэм Шенкленд пен Украинадан келген Александр Арещенко арасындағы матчта тай-брейк қорытындысы бойынша анықталады.