CaspianLife, 14 шілде — Биыл күйші-домбырашы, композитор, Құрманғазы Сағырбаевтың шәкірті, Қазақ КСР Халық әртісі Дина Нұрпейісованың туғанына 160 жыл толады.
Астрахан облысы губернаторының баспасөз қызметі хабарлағандай, Астрахан облысында 15 жылға жуық өмір сүрген күйшінің құрметіне атаулы күнге орай Қазақстан Республикасы әртістерінің қатысуымен салтанатты іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Олардың қатарында қазақ халқының ұлы қызының өмірі туралы жаңа кітаптың тұсаукесері болады. Қазақстандық өлкетанушы Асылбек Ситалиев жуырда Астрахан облысында ұлы домбырашы-күйшінің өмірінің ресейлік кезеңі туралы материал жинау мақсатында іссапарда болған. Ол жергілікті тарихшы-өлкетанушылармен, архив қызметкерлерімен, мәдениет қызметкерлерімен де кездесіпті.
Дина Нұрпейісова 1922 жылдан 1937 жылға дейін Астрахан облысының әртүрлі елді мекендерінде, оның ішінде «Қызыл Ту» колхозында (қазіргі Володар ауданы Козлово ауылы) тұрды. Алғашқы ресми жетістігі 1934 жылы Марфино ауылындағы көркемөнерпаздар байқауында алған бірінші орын болды. Құрманғазы шығармашылығының ұлы ізбасарының жетістігін айғақтайтын құрмет грамотасы бүгінгі күнге дейін сақталған.
«Менің Астраханға сапарым өте жемісті болды. Біз ұлттық мәдениетіміздің, сондай — ақ Дина Нұрпейісованың мұрасын сақтаушылар мен энтузиастармен кездестік, өлкетанушылар мен мұрағат қызметінің қызметкерлерінен болашақ кітапқа енетін құнды ақпаратты білдік», — деді Асылбек Ситалиев.
Астрахан облыстық мемлекеттік мұрағатында Қазақстандық өлкетанушы бірегей құжатты, яғни, Дина Нұрпейісованың барлық отбасы мүшелерінің тізімін, тіпті сиыр мен қойдың тізімі көрсетілген Марфа ауданының Козлов ауылдық кеңесінің мұрағаттық анықтамасын тапқан (сол кезде мұндай есепке алу тәртібі қатаң сақталды).
Қазіргі уақытта Астрахан бұқаралық ақпарат құралдарында Дина Нұрпейісованың әуесқой әртістердің түрлі байқауларына қатысуы туралы жарияланымдарды іздеу жалғасуда. Сонымен қатар, Астрахан облысынан домбырашының ұлдары соғысқа аттанған. Облыстық «Естелік кітабында» оның ұлы Хажен мен немересі Қожахметтің 1941 жылы хабар — ошарсыз кеткені, ал үлкен ұлы Жүрінбай, жауынгерлік ордендер мен медальдардың кавалері, 1946 жылы қайтыс болғаны туралы жазбалар да бар.