CaspianLife, 28 маусым — Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев пен БР Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Александр Гурянов ҚР Үкіметі мен БР Үкіметі арасындағы Қазақстаннан Беларуське Мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы келісімге қол қойды. Бұл туралы ҚР Энергетика министрлігінің сайтында жарияланды.
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық туралы шартта айқындалған талаптарға байланысты ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасындағы мұнай мен мұнай өнімдерінің жеткізілімдері жекелеген екіжақты келісімдермен реттеледі.
«Елдер арасындағы жемісті өзара ынтымақтастықты және Еуразиялық экономикалық интеграция жолымен ілгерілеуді жалғастыру үшін бүгін мұнай саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың үкіметаралық келісіміне қол қойылды. Ол Беларусь Республикасына мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу шарттарын анықтады», — делінген хабарламада.
Тараптардың ынтымақтастығы өзара мүдделерді қорғауға негізделетіні атап өтілді.
Келісімге қол қойылғаннан кейін екі елдің өкілдері Қазақстан Республикасының экономикалық мүдделерін ескере отырып, қазақстандық мұнай мен мұнай өнімдерінің Беларусь Республикасына жеткізілімдерінің әлеуетті көлемін талқылауға кіріседі.