CaspianLife, 23 қыркүйек. Маңғыстауда балықтан уланып, жансақтау бөлімінде жатқан 9 жасар Бекарыс Қанатбайдың туыстары облыс әкімінен көмек сұрады. Төрт күннен бері ес-түссіз жатқан баланың жақындары елордалық дәрігерлердің онлайн-кеңесіне көңілі толмайтынын айтады. Олар Астанадан реаниматолог, балалар нефрологы және инфекционист мамандардың Ақтауға арнайы келіп, баланы тікелей тексеруін сұрайды. Қажет болған жағдайда санавиациямен елордадағы жоғары деңгейлі медициналық орталыққа жеткізуді талап етіп отыр.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай баланың жанына жақын рейспен инфекционист пен реаниматолог дәрігер ұшып бара жатқанын хабарлады.
«Бала 2016 жылы туған. Жақын арадағы рейспен оның жанына бір инфекционист және бір реаниматолог дәрігер ұшып келеді. Кадр тапшылығына келсек, мұны жасырмаймын және барлық жерде ашық айтып жүрмін: өңірде 200-ден астам дәрігер жетіспейді», – деді ол.
Дәрігерлердің айтуынша, Бекарыс ауруханаға инфекциялық-токсикалық шок жағдайында жеткізілген. Оған ботулизм диагнозы қойылып, шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылған. Сондай-ақ жасанды тыныс алу аппаратына қосылып, ботулизмге қарсы сарысу егілген. Медициналық авиация арқылы науқастың ауру тарихы астаналық мамандарға жолданып, консилиум өткізілген. Сонымен қатар жансақтау бөліміне түскеннен бері Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс инфекционистімен телеконсультация жүргізіліп келеді.
Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасы директорының орынбасары Әлия Ешимова баланың ауруханаға қандай жағдайда түскенін айтып берді.
«Науқас аса ауыр жағдайда, “ботулизм” және инфекциялық-токсикалық шок диагноздарымен түсті. Ол ес-түссіз болды, айналасындағыларға жауап бермеді, рефлекстері болмады. Бала шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. Қазіргі таңда бала қажетті емнің барлығын толық көлемде алып жатыр. Оған ботулизмге қарсы сарысу енгізілді. Ботулизм – шұғыл медициналық көмекті қажет ететін аса қауіпті ауру. Ғалымдардың мәліметінше, осы токсиннің небәрі бір грамы шамамен 28 мың адамды улауы мүмкін», – деп түсіндірді ол.
Алдағы уақытта Астанадан келетін мамандардың қатысуымен қосымша дәрігерлік консилиум өткізу жоспарланып отыр. Маңғыстау облысының денсаулық сақтау басқармасы мен облыс әкімдігі науқастың жағдайын қатаң бақылауда ұстап отыр.
Мариям БЕРІКҚЫЗЫ,
Маңғыстау облысы

