CaspianLife, 23 қыркүйек. Қазақстан мұнайды ел ішінде тереңірек өңдеудің орнына мұнай жартылай фабрикаттарын экспорттағандықтан, жыл сайын бюджетке түсетін 50–60 млрд теңге кірістен қағылады. Бұл туралы LS ҚР Энергетика министрлігіне сілтеме жасап хабарлады.
Ведомство мәліметінше, бүгінде республикада 22 шағын мұнай өңдеу зауыты жұмыс істейді. 2025 жылы олар 898 мың тонна мұнай өңдеп, 873 мың тонна өнім шығарған. Бұл өнімдердің ассортименті мен сапасы әр зауытта әртүрлі. Барлығы нақты кәсіпорынның технологиялық конфигурациясы мен өндірістік паспортына байланысты.
Мәселе – шағын зауыттардың ешқайсысында екінші реттік өңдеу қондырғылары жоқ. Сонымен қатар, пайдаланылатын шикізат күкірт мөлшеріне қойылатын талаптарға сәйкес келмейді. Осыған байланысты өндірілетін отын АИ-92, АИ-95 бензині мен К-4 және К-5 экологиялық класына жататын дизель отыны стандарттарына сәйкес келмейді. Бұл Қазақстандағы Еуро-4 және Еуро-5 стандарттарының баламасы.
Нәтижесінде зауыттар дайын мұнай өнімдерінің орнына жартылай фабрикаттарды экспорттауға мәжбүр. Энергетика министрлігінің бағалауынша, бюджетке түсетін негізгі шығын да осыдан туындайды.
«Алдын ала есептеулер бойынша, бюджет жыл сайын шамамен 50–60 млрд теңге кірістен қағылады. Бұл бензин, дизель отыны, битум және басқа да мұнай өнімдерін өндіру кезінде ел ішінде қалыптасуы мүмкін қосылған құнның жоғалуына байланысты», – деп түсіндірді министрлік.
Бұл ретте шағын мұнай өңдеу зауыттарының мұндай өнімдерді экспорттауы заңды. Оларға мұнайдан өндірілген өнімдерді шетелге шығаруға рұқсат етілген. Тек Энергетика министрінің бұйрығымен экспортқа шектеу қойылған өнім түрлері бұған кірмейді.
Министрлік қалыптасқан жағдайды жаңа талаптар арқылы өзгертуді көздеп отыр. Оған сәйкес, шағын зауыттар нарықта сұранысқа ие мұнай өнімдерінің кемінде 45 пайызын өндіруге міндеттеледі.
Бұл талапты орындаған кәсіпорындарға Энергетика министрлігінен мұнай жеткізу кестесіне қол жеткізу мүмкіндігі беріледі. Бұл өз кезегінде қазіргі уақытта жанар-жағармай өндірісінің негізгі бөлігін қамтамасыз етіп отырған ірі мұнай өңдеу зауыттарына түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Тиісті түзетулер әзірленіп, Үкімет отырысында келісілді. Келесі қадам – оларды Құрылтайда қарау.
Ұзақ мерзімді перспектива «Мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасында» айқындалған. Құжат К-4 және К-5 санаттарындағы отын өндіруге көшуді, кейіннен салалық стандартты К-5+ деңгейіне дейін көтеруді көздейді.
Министрлік бұл шаралар нарықтағы сапалы отынның үлесін арттырып, экспортталатын жартылай фабрикаттардың көлемін азайтып, елдің отандық мұнай өнімдерімен қамтамасыз етілуін жақсартады деп күтеді.
Бұған дейін Қазақстандағы мұнай өңдеу зауыттарының бірінде ресейлік мұнайды өңдеу жоспарланып отырғаны хабарланған.
Дереккөз: LS
Фото: uly-qazaq-news.com

