CaspianLife, 28 маусым — 2 миллиард теңге! Бұл өткен жылы облыста анықталған құқық бұзушылықтардың жалпы сомасы. Оның ішінде тиімсіз жұмсалған бюджет қаражаты 1 миллиард теңгеден астам. Және қазынаның 316 миллион теңге қаражаты тиімсіз жоспарланған.
Сондай-ақ, 574 миллион теңге қаржылық бұзушылықтарға жол беріліпті. Мұндай мәліметтерді облыстық мәслихаттың кезекті IV сессиясында Атырау облысы бойынша тексеру комиссиясы төрағасының міндетін атқарушы Асылан Құмаров айтты.
«Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша құрамында қылмыс белгілерін анықтау мақсатында 15 мемлекеттік аудит обьектілері құқық қорғау органдарына жолданды. Соңғы кездері өздеріңіз білесіздер тексеру қорытындысымен білім саласының мекемелерінде бюджет қаражатын жымқыру фактілері жиі кездесіп отыр. Жалпы алғанда құқық қорғау органдарына жолданған материалдардың ішінен 10 қылмыс анықталып, бюджеттен ұрланған қаржының көлемі 432 миллионға жуықтады. Нақты бюджетке өтелгені қазіргі таңда 102 миллион. Қалған сот орындаушылардың немесе тергеу органдарының өндірісінде», — деді ол өз баяндамасында.
Оның сөзінше, комиссия былтыр 174 обьектіге тексеріс жүргізген. Аудиторлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша, 166 тұлға түрлі жауапкершілікке тартылыпты. Оның ішінде 114 лауазымды тәртіптік , 42 лауазымды және 5 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Салынған айыппұлдардың сомасы 2 миллион 568 мың теңге көлемінде.