CaspianLife, 16 маусым — Вакциналау өз қарқынымен жүріп жатыр. Бірінші компонентпен 2 587 884 адам егілді, бұл тиісті халықтың 26% — ын құрайды. Екінші компонентпен 1 480 309 қазақстандық қамтылды. Егу пункттерінде вакцинаның жеткілікті мөлшері бар, яғни, әр компоненттің 1,2 миллион дозасы. Мұндай мәліметтерді Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте келтірді.
Оның айтуынша, вакциналарды кезең-кезеңмен жеткізу кестеге сәйкес жүзеге асырылды. Негізгі партия Қарағандыдағы зауыттан шыққан.
Егудің пайдасы туралы үгіт-насихат жұмыстары да жүргізілген. Бұл тақырыпқа қатысты еліміздің басты ақпараттық алаңында 3,5 мыңнан астам жарияланым, 17 мың материал жарияланып, 22 брифинг өткен. Нәтижесінде вакцина салдырам деушілер қатары көбейіпті.
«Біз азаматтарымыздың бұл қадамға саналы түрде барып, бір-бірін вакцинацияға шақыратынын көріп отырмыз. Вакцинацияланған азаматтардың тек 0,03% — ы ковидпен ауырды. Егер адам бұрын ауырған болса енді ауырмайды деген пікір бар. Бұл дұрыс емес. Қазақстанда вакцина алмаған 800-ге жуық адам КВИ-мен қайта ауырды. Мұндай үрдіс әлемнің басқа елдерінде де бар. Мыңдаған адам қайтадан ауырады. Тиісінше, вакцина қабылдап, өзіңізді, туыстарыңызды, жақындарыңызды қорғау өте маңызды», — деп еске салды министр.
Министр біріншіден, 60 жастан асқан адамдарға, әсіресе созылмалы аурулары бар жандарға екпе алуға кеңес берді. Әр өңірде вакциналау пункттері ашылған, дүрлікпе жоқ. Кез келген екпе егу нүктесіне барып вакцинаның тиісті дозаларын тегін алу мүмкіндігі бар.