CaspianLife, 9 маусым — Маңғыстауда «Ралли Қазақстан» автожарысы басталды. Оған Катар, Франция, Сауд Арабия, Германия, Чехия, Аргентина, Италия, Польша , Англия сияқты алпауыт мемлекеттерден келген 100-ден аса спортшы немесе 44 экипаж қатысып, «Әлем кубогы» үшін бақ сынайды.
Осы жарысқа 45 рет қатысқан польшалық Рафал Соник Қазақстанға келгеніне қуанышты. Ол бұған дейінгі жарыстарда 9 алтын, 3 күміс, 2 қола жүлде иеленген.
«Қазақстанға алғаш рет келіп тұрмын. Мен мұнда өз елімде жүргендей сезінемін. Өйткені тамақтануға барған мейрамханада Польшадан келген өнімдерді көріп, екі ел арасында байланыс бар екенін байқадым. Адамдарының да жүзі жылы. Былтыр әлемдік пандемия кесірінен жарыс өтпей қалып еді. Содан кейін «Дакар», «Ралли» жарыстары ары қарай жалғасатынына сенімсіз болдым. Биыл жарыс қайта бастайтынын естігенде қатты қуандым», — дейді Рафал.
Шетелдік спортшылар Маңғыстаудың ойлы-қырлы жерлері басқа мемлекеттермен салыстырғанда автожарыс өткізуге өте қолайлы екендігін айтады.
Алты кезеңнен тұратын жарыстың биылғы ерекшелігі – квадроцикл мінген сайыскерлер мен мотосанатта 18 спортшы қатысуға ниет білдірген. Ел намысын Қазақстандық 8 экипаж қорғайды, оның екеуі маңғыстаулық.
Спортшылар 2270 шақырымды жүріп өтуі тиіс. Оның 1465 шақырымы арнайы жылдам жарыс учаскесінен тұрады. Қатысушылардың бағыты арнайы ережемен бекітілген. Сондықтан, олар ерекше қорғалған жерлердің аумағында жүрмейді.
Жарыстың соңғы кезеңінде спортшылар Жаңаөзен қаласы арқылы Ақтауға оралады. Мәре сызығы облыс орталығында қиылады. Бірнеше елдің басын біріктірген әлемдік дода жеңімпаздары 13 маусым күні анықталмақ. Айтпақшы, бұл жарыс Маңғыстау жерінде 6-шы рет ұйымдастырылып отыр.