СaspianLife, 26 мамыр — Биыл қажылыққа тек вакцинацияланған адамдар қатыса алады. Бұл ретте QazVac, «Спутник V» немесе Hayat-Vax вакциналарымен иммундалған Қазақстан азаматтары қажылық жасай алмайды, деп хабарлайды Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы.
«Сауд Арабиясы Корольдігінің Денсаулық сақтау министрлігі «Қажылық-2021″ маусымына дайындық кезінде ерекше талаптар жариялады. Қажылар Сауд Арабиясында ресми түрде бекітілген вакциналардың екі дозасын қабылдауы керек (Pfizer-BioNTech, AstraZeneca, Johnson & Johnson және Moderna). Екінші дозаны қажылыққа барардан 14 күн бұрын қабылдау керек», — делінген хабарламада.
Әрбір қажы аталған вакциналардың бірін алғаны туралы өз елінің құзыретті органдарынан анықтама ұсынуы және оны Сауд Арабиясының Шетелдегі елшіліктерінде заңдастыруы тиіс.
Сауд Арабиясының билігі 2021 жылғы қажылық маусымына келуге рұқсат етілетін адамдар санын әлі жариялаған жоқ. Қосымша ақпарат кейінірек беріледі, деп нақтылады ҚМДБ-да.