СaspianLife, 25 мамыр — Еуроодаққа мүше елдердің басшылары қатысқан саммитте Ryanair авиакомпаниясының мәжбүрлі қонуы қатаң айыпталып, Беларусь билігінен журналист Роман Протасевич пен оның серігі София Сапеганы дереу босату сұралды.
Президенттер Минскінің бұл әрекетін талқылып жатқан кезде, сол елдің арнайы қызметі Протасевичтің видео-үндеуін жариялады.
«Қайырлы күн, менің аты-жөнім – Роман Протасевич. Кеше мені Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері Минскінің Ұлттық әуежайында ұстады. Қазір мен Минск қаласындағы №1 тергеу абақтысында отырмын. Денсаулығыма қатысты ешқандай мәселе жоқ. Қызметкерлердің маған деген көзқарасы да мүмкіндігінше дұрыс әрі заңға сәйкес. Сондай-ақ, мен қазір тергеу ісіне көмектесіп жатырмын, әрі Минск қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырғанымды мойындадым», — деді «Нехта» телеграм-каналының бұрынғы бас редакторы Роман Протасевич өз үндеуінде.
Саммитте Беларусь ұшақтарының Еуропа көгінде ұшуына тыйым салынды. Сонымен қатар, жолаушылар тасымалымен айналысатын еуропалық компанияларына Беларусь әуе жолынан бас тартуға кеңес берілді.
Одан бөлек, ЕО жақын арада Минскке қатысты жеке және экономикалық санкцияларды қатаңдатпақ.