CaspainLife, 13 мамыр – Қазан қаласында мектепте оқ атқан 19 жастағы Ильназ Галявиевке бұлтартпау шарасын таңдау бойынша сот отырысы өтті. Жігіт өз кінәсін толық мойындады. Ол өмір бойы бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Күдіктіге қатысты 2 айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Іс бойынша сотты ол тергеу изоляторында күтеді.
Еске сала кетейік, Қазандағы мектеп-гимназиясында оқ атылып, 9 адам қаза тапты, оның 7-еуі оқушы. 20-дан астамы әртүрлі деңгейдегі жарақат алды.
Күдікті бірден ұсталды. Ол сол мектептің 19 жастағы түлегі Ильназ Галявиев болып шықты. Жауап алу кезінде ол екі ай бұрын «өзін құдай деп танығанын» мәлімдеді. Жас жігіт «бәрін жек көретінін» де мойындады.
Кейін белгілі болғандай, оған ми ауруы диагнозы қойылған. Жігіт бұған дейін психиатр мен наркологтың есебінде болмаған.
Фото: интернет желісінен