CaspainLife, 13 мамыр – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шетелдіктерге жер сатуға тыйым салатын заңға қол қойды.
«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды», — делінген Ақорда таратқан хабарламада.
Бұған дейін Парламент шетелдіктердің, қандастардың және шетелдік заңды тұлғалардың ауылшаруашылық жерлерін иемденуіне тыйым салатын заң қабылдаған болатын.
Заң жобасының мақсаты шетелдіктердің, азаматтығы жоқ адамдардың, шетелдік заңды тұлғалардың, шетелдік қатысуы бар Қазақстанның заңды тұлғаларының, халықаралық ұйымдардың, халықаралық қатысуы бар ғылыми орталықтардың, сондай-ақ ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін жеке меншік құқығымен және уақытша жер пайдалану құқығымен қандастардың иеленуіне тыйым салуды енгізу.
Сондай-ақ, заң жобасында Қазақстан азаматтығы тоқтатылған және шетелдік азаматтар мен заңды тұлғалар Қазақстанның заңды тұлғасының қатысушылары құрамына кірген жағдайда ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді иеліктен шығару мәселелері де қаралған.
Жаңа заңның бастамашысы Тоқаевтың өзі болды. Ол Қазақстан жері шетелдіктерге сатылуы мүмкін деген қауесетті тоқтату үшін бұл мәселені шұғыл шешуді тапсырды.
Фото: интернет желісінен