CaspianLife, 11 мамыр — Атырау облысы ана мен бала өлімі бойынша республикада алдыңғы орында тұр. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында жаңа туған сәбилер өлімі былтырғымен салыстырғанда 2 есеге өскен.
Осындай мәліметтерді келтірген облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Құдаманова нақты сандарға келгенде үнсіз қалып, тек балалардың өліміне не себеп болғандығын айтумен шектелді.
«Сәбилер өлімінің негізгі себебі — сепсис пен пневмония. Ал, екінші орында тыныс алу жолдарының бұзылуы мен тұншығу. Сондай-ақ, перинатальды кезеңдегі ми ишемиясы мен асқазан ішілік қан кетулер үшінші орында тұр», — деп атап өтті Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Құдаманова.
Ана өлімі туралы айтар болсақ, былтыр 9 келіншек көз жұмған. Бұл жағдай биыл да қайталанып отыр. Қаңтардан наурызға дейін 4 әйел қайтыс болды. Айгүл Құдаманованың айтуынша, бұл жағдайлардың әрқайсысында дәрігерлердің қателігі бар.
«Бірінші жағдайда әйел өкпенің қабынуынан қайтыс болды. Бұл жерде науқасты басшылардың рұқсатынсыз басқа стационарға ауыстырған. Оның жағдайын медиицна қызметкерлері ауыр деп бағаламағандықтан, оған қарқынды ем-дом жасалмапты», — дейді ол.
Тағы екі ананың өліміне жедел жәрдем бригадасы қызметкерлерінің науқастардың жағдайын дұрыс бағаламауы себеп болған. Ақырында аяғы ауыр 2 келіншек үйде жан тапсырды. Және емхана дәрігерлерінің дұрыс қадағаламауы салдарынан және бір келіншектің денесінде ісік пайда болып, ол да о дүниеге аттанған. Денсаулық сақтау басқармасының басшылары болса мұның бәріне білікті дәрігерлер мен медициналық құрал-жабдықтың жетіспеуі себеп деп құтылды.
Фото: иллюстрациялық сурет