CaspianLife, 11 мамыр — Бүгін таңертең қара киім мен маска киген жас жігіт Файзи көшесіндегі №175 гимназия ғимаратына кіріп, автоматтан оқ жаудырған.
Шабуыл жасаушы ұсталды. Ол — 19 жастағы Ильназ Галявиев деген жас жігіт. 4 жыл бұрын сол №175 гимназияны бітірген көрінеді. Қазір колледжде IT мамандығында оқиды. Әкесінің айтуынша, ол бүгінгі күнге дейін артық қылық көрсетпеген және де ешқандай дінге қатысы болмаған.
Атыс салдарынан 8 сыныптың 7 оқушысы және 1 мұғалім қаза болған. Одан бөлек 20-ға жуық оқушы мен мектеп қызметкері жарақат алған.
Қылмыскер ұсталғаннан кейін өзінің тұрғылықты мекен-жайында бомба қойылғанын мәлімдеген.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбаға қарағанда шабуыл жасаған 2 адам. Бірақ, екінші қылмыскер әлі ұсталмаған. Сондай-ақ, мектеп ғимаратында оқтан бөлек жарылыстың болғанын да байқауға болады.
Мектепке шабуыл жасамас бұрын, қылмыскер телеграм арнасын ашып, сол жерде бірнеше хабарлама қалдырған. Ол өзінің бетперде таққан суретін жариялап, астына «мен Құдаймын», «Мектепке шабуыл жасап, өзімді атамын» деген жазбалар жариялаған.
Татарстан президенті мектепке келіп, қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларына көмек көрсетілетінін айтты. Сондай-ақ, қарудың ресми түрді қылмыскердің атына тіркелгенін мәлімдеді.
12 мамыр Татарстан үшін қаралы күн деп жарияланды.
Фото, видео: әлеуметтік желіден алынған