CaspianLife, 6 мамыр — 4 жасар Ағлес өте сезімтал. Ойы жүйрік, айтқан нәрсені тез жаттап, лезде қағып алады. Өлең оқуда елгезектігі бірден байқалады. Ал есептерді шығаруға келгенде қамшы салдырмайды екен.
Құрдастарынан қабілеті жағынан оқ бойы озық қыздың бойында тағы бір ерекшелігі бар: жүрегі кеуденің оң жақ бөлігінде орналасқан. Ата-анасы мұны перзентханада білген көрінеді. Бастапқыда қобалжу, қорқу болған. Тіпті, жақындары да балаға күмәнмен қарапты.
«Басында жақсы қабылдаған жоқ. Кішкене балаға мүсіркеп қарап, аяп деген сияқты көзқарастар болды. Артынан барлығы жақсы екенін білгеннен кейін олар да үйреніп кетті. Ал оған дейін, әрине, қорқыныш болды. Астана қаласына дейін барып, тексеруден өтіп келгенбіз. Өйткені бір жасқа дейін көп ауырды. Қазір бәрі ұмытылды», — дейді Ағлестің анасы.
Қазір күмән бұлты сейілген. Десе де, әр 3 ай сайын Ағлес жүрегі мен бүйрегін медициналық тексеруден өткізіп тұрады. Дәрігерлер де уайымдауға еш негіз жоқ деп отыр. Жүректің оң жақта орналасуы бұл туа бітті сирек кездесетін құбылыс. Сол себепті қауіптенудің қажеті жоқ.
«Адам мүшесі өсіп екінші бір мүшені қозғап зиян келтіруі мүмкін. Бірақ бұл жағдайда балада ондай қауіптілік жоқ. Яғни, ешқандай органға залал келіп жатқан жоқ. Ол өзі туғаннан солай біткен», — дейді дәрігер.
Ағлестің анасының айтуынша, мұндай ерекше жағдай тұқымда бұрын-соңды болмаған.
Фото: CaspianLife тілшісінен