Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстандағы эпидемиологиялық ахуалдың сценарийлерін қайта қарастырды. Министр Алексей Цой бүгін өткен үкімет отырысында министрліктің “шынайы” және “жағымды” болжамын ұсынды.
“Жағымды болжам бойынша, вакцинация кесте бойынша жүрсе, сәуір аяғында тәулігіне 3 мың адам вирус жұқтырады. Ал “шынайы” болжам бойынша, вакцинация кестеге сай жүрсе, вирус жұқтыратындар тәулігіне 4 мың адамға жетеді, жұқтырудың шарықтау шегі мамыр айының ортасына келеді”, – дейді Цой.
Цой бұл жолы “жағымсыз” сценарий туралы ештеңе айтпады. Бірақ айтуынша, алғашқы кезеңде вакцинация әсері бірден білінбейді, өйткені иммунитет қалыптасуы үшін уақыт керек. Келесі кезеңдерде вакцинация эпидемиологиялық ахуалға әсер ететін көрінеді. Алайда Алексей Цой оның нақты мерзімін ашып айтпады.