Атырау облысында соңғы екі тәулікте 111 адам коронавирус инфекциясын жұқтырды. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Соңғы екі тәулікте қауіпті вирусқа шалдыққандар саны Атырау қаласы мен Теңіз кенішінде күрт өскен.
Мәселен, өңірде 22 наурызда 48 , ал 23 наурызда 63 науқас тіркелген. Оның ішінде Атырау қаласында екі тәулікте 53 адамнан коронавирус инфекциясының белгісі анықталған. Ал, Теңіз кенішінде екі тәулікте 36 жұмысшы қауіпті індетті жұқтырған.
Сондай-ақ, екі тәулікте Жылыой, Құрманғазы, Қызылқоға, Исатай аудандарының тұрғындарынан да қауіпті вирус анықталып отыр. Әсіресе, Жылыойда -9, ал, Құрманғазы ауданында 11 науқас тіркелген. Қазір 213 пациент үй жағдайында ем алуды жалғастыруда.
Облыстық инфекциялық стационарда 33, модульдік стационарда 78, аудандардағы стационарларда 17 науқас ем қабылдау үшін оқшауланған. Ал, Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда 256 адам емделіп жатыр.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда модульдік инфекциялық стационарға алғашқы 20 науқас жатқызылғанын жазған едік.