Қазақстанның Бас санитар дәрігері Ерлан Қиясов қазақстандықтарға ескерту айтты. Бұл туралы министрліктің ресми сайты хабарлады.
– Соңғы күндері Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы байқалатыны өздеріңізге белгілі. Кеше елдің екі ірі мегаполисінде COVID-19-бен сырқаттанушылық ел бойынша анықталған барлық жағдайлардың 55%-ын құрады.
Коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупінің жоғары болуы қоғамдық орындарға, сауда орталықтарына, базарларға барумен, бұқаралық іс-шараларды (үйлену тойлары, мерейтойлар, еске алу және т.б.) өткізумен, қоғамдық көлікте алдын алу шараларын сақтамаумен, сондай-ақ үй карантинін сақтамаумен байланысты, – деді бас санитар дәрігер.
Ерлан Қиясовтың айтуынша, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында коронавирустың одан әрі таралуының алдын алу мақсатында өңірлік жедел штабтардың шешімі бойынша бірқатар шектеу шаралары қабылданды.
Сондай-ақ ол алдағы мереке, демалыс күндері денсаулығымызды және жақындарыңыздың денсаулығын сақтауға шақырып, мынадай кеңестер берді:
- Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларына барудан бас тарту;
- халық көп жиналатын орындарға бармау, мереке күндерін жақын адамдардың арасында өткізу;
- қонақ шақырудан және қонаққа барудан бас тарту;
- жіті респираторлық инфекциялармен ауыратын адамдармен тығыз байланыста болмау;
- әлеуметтік қашықтықты, маска кию режимін сақтау;
- шетелге барудан бас тарту.