Талғайраңда көпбейінді аурухана салынатын болды. Дегенмен бұдан бұрын жоба белгісіз мерзімге шегерілді деп хабарланған болатын. Құрылысты осы жылдың аяғында бастау жоспарланған. Бұл туралы azh.kz хабарлайды.
— Облыстық аурухана мен облыстық перинаталды орталық Талғайраңға көшеді. Ал облыстық аурухана ғимаратында 200 кереуеттік қалалық жедел жәрдем ауруханасы жұмыс істейтін болады. Қазір ғимаратты жобалау жұмыстары жүргізілуде, жаз аяғына дейін барлық құжат дайындалып, жыл аяғына қарай құрылыс басталады, — дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Асхан БАЙДУАЛИЕВ.
Перинаталды орталықтың қазіргі ғимаратын жөндеуден кейін №1 емханаға айналдыру жоспарланған. Біздің 8 емхананың 2-уі: Геологтағы және Нұрсаядағы №7 емхана ғана типтік стандарттарға сай келеді. №1 емхана облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бұрынғы кеңсесінде орналасқан, ол жер тар. Ал перинаталды орталық ғимараты емхана қызметкерлері мен пациенттер үшін қолайлы болмақ. Тағы бір маңызды сәт: ол емхананың қызмет көрсету орталығында орналасқан. Перинаталды орталықтың екінші ғимаратында медицина қызметкерлеріне арналған, оның ішінде отбасылық жатақхананы жабдықтау жоспарлануда.