Қазақстанда әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы өседі, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне сілтеме жасап.
Министрлік мәліметінше, елімізде 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік ұйымдардың 38,5 мыңнан аса әлеуметтік қызметкерінің жалақысы өседі. Ол үшін республикалық бюджеттен алдағы үш жылға шамамен 95 миллиард теңге бөлінеді.
Жалақыны көтеру өз қызметін стационарлық (қарттар мен мүгедектерге арналған үйлер) және жартылай стационарлық үлгідегі медициналық-әлеуметтік мекемелерде (күндіз болу бөлімшелері, оңалту орталықтары), уақытша болу мекемелерінде (белгілі бір тұрғылықты жері жоқ адамдарға, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған оңалту орталықтары) жүзеге асыратын негізгі персонал (әлеуметтік қызметкерлер) мен басшы құрамға, сондай-ақ үйде қызмет көрсететін әлеуметтік қызметкерлерге қатысты болады.
«Осылайша 2021 жылғы 1 қаңтарынан бастап лауазымдық жалақыны ұлғайту жолымен әлеуметтік қызметкерлер үшін жалақы 1,5 есеге, 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ағымдағы мәннен 1,75 есеге, ал 2023 жылы 2 есеге өседі», — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, медициналық-әлеуметтік мекемелерде әкімшілік және көмекші қызметкерлерінің жалақысын лауазымдық жалақыға қосымша ақыны 30-дан 40 пайызға дейін арттыру арқылы көтеру жоспарлануда.
Қызмет көрсетілетін контингенттің ерекшелігін ескере отырып (жалғызілікті қарттар, мүгедек адамдар, оның ішінде ересектер мен психоневрологиялық аурулары бар, тірек-қимыл аппараты бұзылған балалар) әлеуметтік қызметкерлерден жоғары психоэмоционалдық дайындық, күтім және үздіксіз бақылау, оңалту рәсімдерін жүргізу талап етіледі.
«Бұл жыл барлығына қиын болды. Біздің әлеуметтік қызметкерлер мекемелерде іс жүзінде тұрды, ерекше контингентпен жұмыс жасады. Біз олардың еңбегін бағалаймыз және олардың маңыздылығын түсінеміз. Бұл шара әлеуметтік салаға мамандарды тартуға, қызметкерлердің тапшылығын азайтуға және кадрлық жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз», — дейді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов