Биыл Маңғыстау облысында автомобиль жолдарын салу, қайта құрылымдау және орташа жөндеу жұмыстарына жалпы 23 млрд 335 млн теңге бөлінген. Бұл туралы облыстық қоғамдық коммуникация орталығында Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Адайбек Қалиев мәлімдеді, — деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Оның айтуынша, жергілікті желі жолдарын жөндеу және қайта құрылымдау үшін республикалық бюджеттен 8 млрд 999 млн теңгеге қолдау көрсетілді және жергілікті бюджеттен 2 млрд 694 млн теңге қарастырылды. Сонымен қатар «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында көлік инфрақұрылымын дамытуға бюджеттен 7 млрд 764 млн теңге бөлінді. Жоба аясында 30 жоба іске асты, 1 382 адам жұмыспен қамтылды.
Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бейнеу, Ақшұқыр, Қызылтөбе, Баянды, Басқұдық ауылдарында 3 млрд 878 млн теңгеге 46,1 шақырым жол салынады. Сондай-ақ 47,4 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді. Еске сала кетейік, былтыр «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бейнеу, Шетпе және Маңғыстау ауылдарында 24,3 шақырым жол орташа жөндеуден өткен. Маңғыстау ауылында 7,5 шақырым жаңа жол салынған болатын.