Атырауда тергеу изоляторына тыйым салынған затты өткізбек болған азамат ұсталды. 8 желтоқсан күні сәлемдемелерді тексеру барысында ыстық тамақ салынған ыдыстардың ішінен төрт ұялы телефон шықты. Мұны қызметкерлер рентген аппараты арқылы анықтаған.
Мейірбек УРАЗҒАЛИЕВ, УГ-157/1 мекемесінің бастығы
Мекеме қызметкерлерінің қырағылының нәтижесінде рентген апараты арқылы сәлемдемелерді тексеру кезінде ыстық тамақ ішінен 4 ұялы телефон тәркіленді. Сәлемдемені әкелген азаматқа ҚР-ның әкімшілік кодексінің 481-бабының 1-бөлімі бойынша хаттама толтырылып, Атырау қалалық әкімшілік сотына жолданды.
Басшының сөзінше, тұрғындар көбінде ұялы телефон мен психотроптық дәрі-дәрмекті кіргізуге тырысады.
Еске салсақ, өткен аптада изоляторға жіберілген сәлемдемелердің бірінен де күдікті зат табылған еді. 25 жастағы азамат йогурттың ішіне белгісіз шөп пен дәрі салып берген. Тәркіленген өнімдер сот медициналық сараптамасына жіберілді.